скрипт для АДГС

Стиль для галереи

  • Арнайы нұсқа
  • Мобильді нұсқа

You are here

Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Ішкі аудит қызметі туралы ЕРЕЖЕ

                                                            Қазақстан Республикасының

                                                                               Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл

                                                                               агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы

                                                қызмет)  Төрағасының

                                                                                      2019 жылғы «04» қараша №278 бұйрығымен

                                                                                          бекітілген

 

 

 

Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет)    

Ішкі аудит қызметі туралы

 ЕРЕЖЕ

 

Осы Ереже Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) (бұдан әрі - Агенттік) Ішкі аудит қызметінің мәртебесін, өкілеттіктерін және жұмысын ұйымдастыруды айқындайды.

 

1. Жалпы ережелер

 

1. Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Ішкі аудит қызметі (бұдан әрі - ІАҚ)  Агенттік Төрағасының шешімімен құрылады.

2. ІАҚ өзінің қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» 2015 жылғы 12 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңын (бұдан әрі - Заң), Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 19 наурыздағы  №392  бұйрығымен бекітілген Ішкі мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүргізу қағидаларын,  қолданыстағы заңнама талаптары мен Агенттіктің ішкі құжаттарын және осы Ережені басшылыққа алады.

3. ІАҚ құрылымын және штат санын (сандық құрамы) Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіппен Агенттік Төрағасы  бекітеді.

4. ІАҚ қызметкерлерінің функционалдық міндеттемелері, құқықтары және жауапкершілігі ІАҚ туралы ереженің негізінде әзірленетін тиісті лауазымдық нұсқаулықтармен айқындалады.

 

2. ІАҚ мәртебесі

 

5. ІАҚ Агенттіктің басқа құрылымдық бөлімшелерінен тәуелсіз, Агенттік Төрағасына тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органның тұрақты жүйесі мониторингінің бір бөлігі болып табылады.

6. ІАҚ ішкі мемлекеттік аудитті жүргізуде және ішкі аудит нәтижелері туралы есептер дайындауда тәуелсіз болады.

7. ІАҚ-ны Агенттіктіктің басқа құрылымдық бөлімшелерінің құзыретіне жататын жұмыстарға, сондай-ақ оның өкілеттіктеріне жатпайтын бағдарламалар мен жобаларды дайындауға немесе орындауға тартуға болмайды.

8. ІАҚ қызметкерлеріне ІАҚ мәртебесіне, Агенттік туралы ережеге және осы Ережеге сәйкес қолданылуы мүмкін емес құжаттарды қоспағанда, Агенттіктің ішкі құжаттарының ережелері таратылады.

9. ІАҚ қызметін бағалауды ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті орган жүргізеді.

 

                       3. ІАҚ мақсаты, негізгі міндеттері, функциялары,

құқықтары мен міндеттемелері

 

10. ІАҚ-ның негізгі мақсаты, Агенттіктің стратегиялық мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізу үшін Агенттік Төрағасына жәрдемдесу, Агенттікті тиімді басқару жүйесіне негізделген басқару және пайдалану тиімділігін арттыруды қамтамасыз етуге арналған тәуелсіз және объективті ақпараттар ұсыну,  тәуекелдерді басқаруға бағытталған негізде бюджет қаражаттары мен мемлекеттік активтердің қолданылу тиімділігін арттыру болып табылады.  

11. ІАҚ міндеттері:

1) Агенттіктің стратегиялық жоспарының мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізілуін талдау;

2) қаржылық және басқарушылық ақпараттың сенімділігі мен дұрыстығын, Агенттіктің қызметін ұйымдастырудың ішкі процестерінің тиімділігін,   мемлекет активтерінің сақталуын талдау, бағалау және тексеру.

12. ІАҚ функциялары:

1) Агенттіктің қаржылық есептілік аудитін жүргізуге қатысады;

2) Агенттікте, оның аумақтық органдарында олардың қызметінің барлық бағыттары, оның ішінде көрсетілетін мемлекеттік қызметтер сапасы бойынша тиімділік аудитін жүргізеді;

3) Агенттікте, оның аумақтық органдарында сәйкестік аудитін жүргізеді;

4) мемлекеттік сатып алуды жүргізу рәсімдерін және шарт талаптарын орындау, оның ішінде сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің мерзімдері, көлемі, бағасы, саны мен сапасы бойынша сәйкестік аудитін жүргізеді;

5) Агенттіктің ішкі процестерінің тәуекелдерді басқару жүйесінің негізінде Агенттікте, оның аумақтық органдарында ішкі бақылау және басқару жүйесінің жұмыс істеуін бағалауды жүзеге асырады;

6) стратегиялық жоспардың бюджеттік шығыстармен өзара байланыстағы мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізуін талдайды;

7) Агенттіктің тауарлық-материалдық қорларының және өзге активтерінің сақталуын тексеруді жүзеге асырады;

8) мемлекеттік аудит объектілерінің лауазымды адамдарының ішкі мемлекеттік аудитті жүргізуге байланысты тиісті ақпаратын тыңдайды;

9) Агенттік Төрағасына Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес республикалық бюджет қаражатын пайдалану кезінде бұзушылықтардың жолын кесу, оларға жол бермеу жөніндегі анықталған кемшіліктерді жою, Агенттік қызметін ұйымдастырудың ішкі процестерінің тиімділігін арттыру жөніндегі ұсынымдармен бірге ішкі мемлекеттік аудит нәтижелері туралы есепті енгізеді;

Егер Есеп комитетінің немесе ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның Мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесіне енгізілмесе, ІАҚ Агенттік Төрағасының тапсырмасы бойынша жоспардан тыс мемлекеттік  аудит жүргізеді.                                                  

13.ІАҚ құқықтары:

1) құпиялылық режимінің, қызметтік немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияның сақталуын ескере отырып, мемлекеттік аудит объектілерінің тиісті жылға арналған тізбесін қалыптастыруға байланысты мәселелер бойынша ведомстволық ақпараттық жүйелер деректерінің құрамы мен форматтары туралы, құжаттамаларды, ақпараттарды, материалдарды (дәлелдемелерді) анықтамаларды, ауызша және жазбаша түсіндірмелерді сұратады;

2) Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасын жетілдіру және Қазақстан Республикасының қаржы жүйесін дамыту жөнінде ұсыныстарды әзірлеу және оларды тиісті уәкілетті органдардың қарауына ұсыну;

3) мемлекеттік аудит жүргізу шеңберінде құпиялылық режимінің, қызметтік немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияның сақталуын ескере отырып, мемлекеттік аудит объектісінің аумағына және үй-жайларына кедергісіз кіруге рұқсат алады;

4) мемлекеттік аудиттің міндеттері мен нысанасына сәйкес ішкі аудит нәтижелері туралы есеп дайындау үшін өздерінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша қажетті құжаттаманы, ақпаратты, оның ішінде электрондық жеткізгіштерде, сондай-ақ ақпараттық жүйелерге рұқсатты, жазбаша және ауызша түсіндірмелерді және өзге де, оның ішінде құпиялылық режимінің, қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияның сақталуын ескере отырып, мемлекеттік құпияны және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпаратты белгіленген мерзімдерде сұрату және алу;

5) мемлекеттік бақылау және қадағалау органдары жүргізген мемлекеттік бақылау және қадағалау нәтижелері бойынша қабылданған актілер мен құжаттарды сұрату;

6) өз құзыреті шегінде мемлекеттік аудит объектілерінің басшылары мен басқа да лауазымды адамдарынан мемлекеттік аудит объектілерінің тиісті жылға арналған тізбесін қалыптастыру және мемлекеттік аудит жүргізу кезінде анықталған бұзушылық фактілері бойынша жазбаша түсіндірмелерді беру, сондай-ақ құжаттардың белгіленген тәртіппен куәландырылған қажетті көшірмелерін талап ету;

7) Агенттіктің қызметкерлеріне (жұмыскерлеріне) Агенттіктің қаржы-шаруашылық қызметтері бойынша консультациялық көмек көрсету;

8) ІАҚ Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген өзге де құқықтарды иелену.

14.ІАҚ міндеттемелері:

1) мемлекеттік аудитті және қаржылық бақылауды қатаң түрде мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау стандарттарына сәйкестікте жүргізеді;

2) ІАҚ жылдық және тоқсандық жұмыс жоспарларын ІАҚ оқыту бойынша жоспарларды әзірлейді, Агенттік Төрағасына бекітуге ұсынады және орындалуын қамтамасыз етеді;

3) тәуекелдерді басқару жүйесі негізінде Агенттік Төрағасы бекітетін тиісті жылға арналған мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесін жасайды;

4) Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді және (немесе) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған таратылуы шектеулі қызметтік ақпаратты қамтитын мәліметтерді қоспағанда, мемлекеттік аудит объектілерінің тиісті жылға арналып, бекітілген тізбелері мен оларға өзгерістер бекітілген күнінен бастап күнтізбелік бес күн ішінде Агенттіктің интернет-ресурсында орналастырады;

5) тексерулердің қайталануын болғызбау мақсатында, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары тиісті жылға арналған мемлекеттік аудит объектілерінің тізбелерін және оларға енгізілген өзгерістерді өзара келіседі;

6) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары және ІАҚ аудиторлық қорытындыда берген ұсынымдардың және міндетті түрде орындалуға бағытталған нұсқамалардың мониторингін жүйелі негізде жүзеге асырады.

7) мемлекеттік аудит объектілері лауазымды адамдарының мемлекеттік аудитті жүргізу кезінде сұратылған құжаттар мен материалдарды ұсынбау немесе уақтылы ұсынбау фактілері бойынша актілер жасайды;

8) Қазақстан Республикасының заңнамасын, мемлекеттік аудит объектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін сақтайды;

9) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімдерде мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау материалдарын бірыңғай дерекқорға орналастырады;

10) мемлекеттік аудит объектісі лауазымды адамдарының әрекеттерінде қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық белгілері анықталған жағдайларда, материалдарды тиісті аудиторлық дәлелдемелерімен бірге құқық қорғау органдарына немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қозғауға және (немесе) қарауға уәкілетті органдарға береді;

11) мемлекеттік аудит объектісінің белгіленген жұмыс режиміне кедергі жасамайды;

12) бұзушылықтардың алдын алу, оны анықтау және оның жолын кесу бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес берілген өкілеттіктерді уақтылы және толық көлемде орындайды;

13) қызметтік және кәсіби әдеп талаптарын сақтайды;

14) мемлекеттік аудит объектісі басшысының (лауазымды адамдарының) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүргізу кезінде қатысуына кедергі келтірмейді, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау нысанасына қатысты мәселелер бойынша түсіндірмелер береді;

15) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау нәтижесінде алынған құжаттар мен мәліметтердің сақталуын қамтамасыз етеді, оның ішінде мемлекеттік құпияларға, қызметтік, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге құпияға жататын мәліметтерді жария етпейді;

16) Агенттік Төрағасына мүдделер қақтығысына ықпал ететін жағдайлар туралы хабарлайды;

17) мемлекеттік аудит нәтижелерін мемлекеттік аудит барысында алынған және жиналған ақпарат пен нақты деректерге ғана негіздейді;

18) Агенттік Төрағасы басқаратын мемлекеттік аудит және тәуекелдер жөніндегі кеңесімен өзара іс-қимыл жасайды, оның ұсыныстарының іске асырылуын қамтамасыз етеді;

19) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген өзге де міндеттерді орындайды;

15. ІАҚ өзіне жүктелген функциялары мен міндеттерін уақтылы және сапалы орындалуын қамтамасыз етеді.

16. Мемлекеттік аудитті жүзеге асыру кезінде мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың негізгі қағидаттары мен стандарттарын бұзғаны үшін, ІАҚ қызметкерлері Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес дербес тәртіптік, әкімшілік және қылмыстық жауаптылықта болады.

 

4. ІАҚ қызметін ұйымдастыру

 

17. ІАҚ жұмысын ұйымдастыруды, лауазымға Агенттік Төрағасы тағайындайтын және  босататын  аудиторлық-іс-шараны жүргізуге жауапты тұлға  жүзеге асырады;

18. Аудиторлық іс-шараны жүргізуге жауапты тұлға  ІАҚ-ға жүктелген міндеттердің орындалуын және функцияларының жүзеге асырылуын қамтамасыз етеді, оның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, өзінің құрылымдық бөлімшесіндегі қызметкерлерінің құқықтарын, міндеттерін және жауапкершілігін белгілейді, Мемлекеттік аудит және тәуекелдер жөніндегі кеңес құрамына қатысады.

19. Аудиторлық-іс-шараны жүргізуге жауапты тұлға Агенттіктің аппарат басшысымен келісе отырып, ІАҚ құрылымы және штат кестесі бойынша ұсыныстарын Агенттік Төрағасына ұсынады.

20. ІАҚ құзыретіне кіретін мәселелер бойынша ІАҚ атынан Агенттіктің басқа құрылымдық бөлімшелеріне, жергілікті органдарына  жіберілетін құжаттар мен сауалдарға Аудиторлық іс-шараны жүргізуге жауапты тұлға, ал ол болмаған жағдайда, оны ауыстыратын адам қол қояды.

21. ІАҚ қызметкерлерінің мемлекеттік қызметті өткеру жағдайлары Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы заңымен, Қазақстан Республикасының Еңбек туралы заңымен, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы заңымен, Ішкі аудит қызметі туралы ережемен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілермен белгіленеді.

22. ІАҚ қызметі оларға жүктелген міндеттер мен өкілеттіктерді іске асыруды қамтамасыз ету мақсатында, Агенттік Төрағасы бекітетін ІАҚ жылдық, тоқсандық жұмыс жоспарына және тиісті жылға арналған мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесіне сәйкес жүзеге асырылады.

 

5. ІАҚ есептілігі

 

23. ІАҚ ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органға жүргізілген мемлекеттік аудит және қабылданған шаралар туралы есептері мен ақпаратты жолдайды.

24. ІАҚ жыл сайын Төрағаға, сондай-ақ ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органға ішкі мемлекеттік аудит қорытындылары туралы жылдық есепті ұсынады.

 

 

Мобильді нұсқа RSS Сайт картасы