скрипт для АДГС

Стиль для галереи

  • Арнайы нұсқа
  • Мобильді нұсқа

You are here

Агенттік туралы ереже

Қазақстан Республикасы

Президентінің2019 жылғы 22 шілдедегі

№ 74 Жарлығымен

БЕКІТІЛГЕН

 

 

Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы

іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) туралы

ЕРЕЖЕ

 

 

1-тарау. Жалпы ережелер

 

1. Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) (бұдан әрі – Агенттік) Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін, Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын қалыптастыру мен іске асыруды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы үйлестіруді, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды анықтауды, жолын кесуді, ашуды және тергеуді жүзеге асыратын сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттік орган болып табылады.

2. Агенттіктің облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада аумақтық органдары болады.

3. Агенттік өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілеріне, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

4. Агенттік мемлекеттік мекеменің ұйымдастыру-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы мен мөрі және мөртабаны, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.

5. Агенттік азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.

6. Агенттіктің, егер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастар тарапы болу құқығы бар.

7. Агенттік өз құзыретінің мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Агенттік төрағасының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

8. Агенттіктің құрылымы мен жалпы штат санын Агенттік төрағасының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.

9. Агенттіктің заңды мекенжайы: 010000, Нұр-Сұлтан қаласы, «Байқоңыр» ауданы, С. Сейфуллин көшесі, 37.

10. Агенттіктің толық атауы – «Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет)» мемлекеттік мекемесі.

11. Осы Ереже Агенттіктің құрылтай құжаты болып табылады.

12. Агенттіктің қызметін қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.

13. Агенттікке кәсіпкерлік субъектілерімен Агенттіктің функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

Егер Агенттікке кіріс әкелетін қызмет атқаруға заңнамалық актілермен құқық берілсе, онда сондай қызметтен алынған кіріс мемлекеттік бюджет кірісіне жолданады.

 

 

2-тарау. Агенттіктің миссиясы, негізгі міндеттері,

функциялары, құқықтары мен міндеттемелері

 

14. Агенттіктің миссиясы: Қазақстан халқының игілігі үшін сыбайлас жемқорлықты жою.

15. Міндеттері:

1) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы мемлекеттік саясатты әзірлеу және іске асыру;

2) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін жағдайлар мен себептерді анықтау және олардың салдарларын жою;

3) қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыруға бағытталған шаралар кешенін ұйымдастыру;

4) сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелерінде мемлекеттік органдардың, ұйымдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметін үйлестіру;

5) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша халықаралық ынтымақтастықты дамыту;

6) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеу.

16. Функциялары:

1) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында стратегиялық және бағдарламалық құжаттар әзірлеу және іске асыру;

2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу және қабылдау;

3) сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдауды жүзеге асыру;

4) сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау нәтижелері бойынша енгізілген ұсынымдарды мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің орындауына мониторинг жүргізу;

5) Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауына сыбайлас жемқорлықтың туындау себептері мен жағдайларын жою жөнінде ұсынымдар енгізу;

6) сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізудің үлгілік тәртібін айқындау;

7) сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізу;

8) сыбайлас жемқорлыққа қарсы ағартуды ұйымдастыру;

9) сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты орындау бойынша мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметін үйлестіру;

10) сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру саласында білім беру бағдарламаларын жетілдіру бойынша ұсыныстар тұжырымдау;

11) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимыл жасау;

12) қаржылық бақылау шараларын іске асыру шеңберінде жариялануға тиіс мәліметтер тізбесін айқындау;

13) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша халықаралық шарттар жобаларын дайындау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы

іс-қимыл мәселелері бойынша шет мемлекеттердің тиісті органдарымен өзара іс-қимыл жасау, өз өкілеттіктері шегінде халықаралық ұйымдардың қызметіне қатысу;

14) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу;

15) жыл сайынғы Қазақстан Республикасындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы ұлттық баяндаманы қалыптастыру және оны Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген тәртіппен енгізу;

16) Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасының кодексінде белгіленген тәртіппен әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша іс жүргізуді жүзеге асыру;

17) қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы өтініштерді, хабарламаларды және өзге де ақпаратты қабылдау, тіркеу және қарау;

18) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша жеке және заңды тұлғаларға кеңес беру;

19) жедел-іздестіру қызметін ұйымдастыру және жүзеге асыру;

20) жасырын тергеу әрекеттерін, жалпы және арнайы жедел-іздестіру

іс-шараларын жүргізу барысында арнайы және басқа да техникалық құралдарды қолдану;

21) сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізу;

22) басқа құқық қорғау және арнаулы органдардан, оның ішінде шет мемлекеттердің құзыретті органдарынан келіп түсетін өтініштер мен сұрау салуларды орындау;

23) мемлекеттік қорғауға жататын адамдарды мемлекеттік қорғау жөніндегі заңнамалық актілерде көзделген шараларды қабылдау;

24) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда өзге де жолмен жәрдемдесетін адамдарды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен көтермелеу;

25) іздеуде жүрген, тергеуден, анықтаудан немесе соттан жасырынған адамдардың орналасқан жерін анықтау және ұстау;

26) сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша тәркіленген және қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған мүліктің өткізілуіне мониторингті, оны мемлекет кірісіне айналдыру туралы ақпаратты, әдетте, кейіннен жариялай отырып жүзеге асыру;

27) ведомстволық статистиканы қалыптастыру;

28) өз құзыреті шегінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеу мәселелері бойынша басқа мемлекеттік органдармен, шет мемлекеттердің ұйымдарымен және тиісті органдарымен өзара іс-қимыл жасау;

29) арнайы мемлекеттік архивтегі архивтік құжаттарды жинақтауды (сатып алуды), тұрақты сақтауды және пайдалануды жүзеге асыру;

30) Агенттіктің аумақтық органдарының қызметін бақылау, үйлестіру және бағалау;

31) Агенттіктің әкімшілік ғимараттарын күзету режимін және рұқсаттамалық режимін қамтамасыз ету;

32) Агенттіктің қарауында тұрған қарудың, оқ-дәрілердің, арнайы қорғау құралдарының сақталуын есепке алу және бақылау;

33) бейбіт және соғыс уақытында төтенше жағдайлар туындаған кезде, Агенттік жұмысының жұмылдыру дайындығы мен тұрақтылығын арттыру;

34) мемлекеттік құпияларды қорғауды қамтамасыз ету және құпиялылық режимінің сақталуын ведомстволық бақылау;

35) Агенттіктің ақпараттық қауіпсіздік саясатын іске асыру, техникалық және ақпараттық қызметін қамтамасыз ету және жетілдіру;

36) Агенттікке осы мақсаттарға бөлінген бюджет қаражаты шегінде жедел-іздестіру қызметін қаржылық және материалдық-техникалық жарақтандыру;

37) Агенттіктің аумақтық органдарының ішкі мемлекеттік қаржылық аудитін жүзеге асыру;

38) Агенттікке жүктелген міндеттерді шешуді қамтамасыз ететін ақпараттық жүйелерді әзірлеу, құру, сатып алу, пайдалану және жаңғырту;

39) Агенттіктің бірыңғай кадр саясатын тұжырымдау және іске асыру;

40) Агенттіктің жеке құрамы арасында құқық бұзушылықтың алдын алу, ескерту және жолын кесу;

41) Қазақстан Республикасының заңнамасымен жүктелген өзге де функциялар.

17. Агенттіктің құқықтары мен міндеттері:

1) Қазақстан Республикасының Президентіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын жетілдіру мәселелері бойынша ұсыныстар енгізу;

2) мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, лауазымды тұлғалардан, оның ішінде ақпараттық ресурстардан қажетті ақпараттар мен материалдарды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сұрату және алу;

3) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың өзге де субъектілерінің мамандарын және (немесе) сарапшыларын сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізуге тарту;

4) жасалған немесе дайындалып жатқан қылмыстар туралы арыздар мен хабарламаларды қабылдау, тіркеу және қарау, олардың жолын кесу, ашу оларды жасаған адамдарды ұстау және қоғамға қауіпті әрекеттерге жол бермеу жөнінде шараларды уақтылы қабылдау;

5) сыбайлас жемқорлық қылмыстар бойынша жедел-іздестіру және тергеу қызметінің, сотқа дейінгі тергеу практикасына талдау жүргізу;

6) өндірістегі қылмыстық істер бойынша шақыруға келуден жалтарған адамдарды күштеп әкелу;

7) Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасына және (немесе) Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес құжаттарды, тауарларды, заттарды немесе өзге де мүлікті алып қою немесе алуды жүргізу;

8) тиісті уақытша ұстау изоляторларын, тергеу изоляторларын Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен пайдалану;

9) мемлекеттік органдарға, ұйымдарға және оларда басқарушылық функцияларды орындайтын адамдарға Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасымен белгіленген тәртіппен мән-жайларды немесе басқа да заң бұзушылықтарды жою жөнінде шаралар қабылдау туралы ұсынулар енгізу;

10) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда, уәкілетті органдар мен лауазымды адамдардан ревизиялар, салықтық және басқа да тексерулер, аудит және бағалау жүргізуді талап ету;

11) сыбайлас жемқорлық қылмыстармен күресу нысандары мен әдістерін жетілдіру, жедел-іздестіру қызметінің стратегиясы мен тактикасын айқындау, оның тиімділігін арттыру бойынша шаралар тұжырымдау және іске асыру;

12) Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіпте оған жүктелген міндетерді шешуді қамтамасыз ететін ақпараттық жүйелерді  Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құру және пайдалану;

13) ұсталған және қамауға алынған адамдарды айдап алып келу;

14) Агенттіктің, оның аумақтық органдарының қызметіне қатысты мәселелер бойынша нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу;

15) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы Қазақстан Республикасы заңнамасын бұзушылықтар анықталған жағдайда, заңнамамен белгіленген тәртіппен оларды жою бойынша шаралар қабылдау;

16) құқық бұзушылықтар туралы өтініштерді, хабарламаларды, шағымдар мен өзге де ақпараттарды қабылдау, тіркеу, есепке алу және қарау кезінде заңдылықты сақтау;

17) Агенттіктің құзыреті шегінде жалпы және арнайы жедел-іздестіру

іс-шараларын, жасырын тергеу әрекеттерін жүзеге асыру, қылмыстық процесте пайдалану үшін олардың нәтижелерін тіркеу арқылы қылмыстарды анықтауды, жолын кесуді және ашуды қамтамасыз ету;

18) Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасында көзделген тәртіппен сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыру;

19) Агенттіктің қарамағында тұрған қаруларды, оқ-дәрілерді, арнайы қорғау құралдарын есепке алу және сақталуына бақылауды жүзеге асыру;

20) сотқа дейінгі тергеп-тексерудің мерзімі үзілген қылмыстық істер бойынша қылмыстық істерді, заттай айғақтарды, сондай-ақ жедел есепке алу және жасырын тергеу іс-қимылдарының істерін есепке алу және сақтау;

21) прокурорлық ден қою актілерін және сот актілерін қарау;

22) әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша өндірісті жүзеге асыру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде белгіленген тәртіппен әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша өндірісті қамтамасыз ету шараларын қабылдау;

23) іздеудегі адамдардың орналасқан жерін анықтау және ұстау бойынша

іс-шаралар жүргізу;

24) Агенттіктің белгіленген құзыреті шегінде іздеудегі адамдарды келуді экстрадициялауды ұйымдастыру;

25) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құқықтар мен міндеттерді жүзеге асыру.

 

 

3-тарау. Агенттіктің қызметін ұйымдастыру

 

18. Агенттікті басқаруды Агенттікке жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз функцияларын жүзеге асыруына дербес жауаптылықта болатын Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы (бұдан әрі – төраға) жүзеге асырады.

19. Төрағаны Қазақстан Республикасының Президенті лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады.

20. Агенттік төрағасының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті лауазымға тағайындайтын және лауазымнан босататын үш орынбасары, оның ішінде бір бірінші орынбасары болады.

21. Төрағаның өкілеттіктері:

1) Агенттіктің жұмысын ұйымдастырады және басшылықты жүзеге асырады, Агенттіктің аумақтық органдарының ведомстволық бағынысты ұйымдарының қызметіне бақылауды жүзеге асырады;

2) өз орынбасарларының және аппарат басшысының өкілеттіктерін айқындайды;

3) Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіппен Агенттіктің атынан орындалуы міндетті құқықтық актілер, өз құзыреті шегінде өзге мемлекеттік органдар, жеке және заңды тұлғалар орындауға міндетті нормативтік құқықтық актілер шығарады;

4) Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіппен Агенттіктің қызметкерлерін (жұмыскерлерін), Агенттіктің аумақтық органдарының басшыларын, олардың орынбасарларын, сондай-ақ ведомстволық бағынысты ұйымдарының басшыларын лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады;

5) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Агенттіктің, оның аумақтық органдарының қызметкерлеріне (жұмыскерлеріне) тәртіптік жазалар қолданады және көтермелеу шараларын қабылдайды;

6) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Агенттіктің және оның аумақтық органдарының қызметкерлеріне біліктілік сыныптарын белгілейді;

7) Қазақстан Республикасының Президентіне Агенттіктің, оның аумақтық органдарының қызметкерлерін (жұмыскерлерін) мемлекеттік наградалармен наградтау және оларға Қазақстан Республикасының құрметті атақтарын беру туралы ұсынулар енгізеді;

8) бағынысты қызметкерлеріне (жұмыскерлеріне) нұсқаулар мен тапсырмалар береді, Агенттіктің құзыретіне жатқызылған мемлекеттік функцияларды жүзеге асыру бойынша өзге де ұйымдастыру-өкімдік шараларын қабылдайды;

9) Агенттіктің аумақтық органдары туралы ережені бекітеді;

10) Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен жалпы штат санының лимиті шегінде Агенттіктің аумақтық органдарының құрылымын бекітеді;

11) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік органдармен және өзге де ұйымдармен қарым-қатынастарда Агенттіктің атынан өкілдік етеді;

12) Агенттіктің жанынан консультативтік-кеңесші органдар құрады;

13) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

Агенттіктің бірінші басшысы болмаған кезеңде, оның өкілеттіктерін атқаруды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оны алмастыратын адам жүзеге асырады.

22. Агенттік аппаратын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын аппарат басшысы басқарады.

 

 

4-тарау. Агенттіктің мүлкі

 

23. Агенттіктің Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болады.

Агенттіктің мүлкі оның меншігіне мемлекет берген, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздерден және

өз қызметінің нәтижесінде алынған мүліктер есебінен (ақша кірістерін қоса алғанда) құралады.

24. Агенттікке бекітілген мүлік республикалық меншікке жатады.

25. Агенттіктің өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша берілген қаражат есебінен алынған мүлікті, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында егер өзгеше белгіленбесе, өз бетінше иеліктен шығаруға немесе оған өзгелей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

 

 

5-тарау. Агенттікті қайта ұйымдастыру және тарату

 

26. Агенттікті қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

 

 

Агенттіктің аумақтық органдарының тізбесі

 

1) «Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің) Ақмола облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесі;

2) «Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің) Ақтөбе облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесі;

3) «Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің) Алматы облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесі;

4) «Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің) Атырау облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесі;

5) «Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің) Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесі;

6) «Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің) Жамбыл облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесі;

7) «Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің) Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесі;

8) «Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің) Қарағанды облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесі;

9) «Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің) Қостанай облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесі;

10) «Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы

іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің) Қызылорда облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесі;

11) «Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы

іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің) Маңғыстау облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесі;

12) «Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы

іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің) Павлодар облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесі;

13) «Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы

іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің) Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесі;

14) «Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы

іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің) Түркістан облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесі;

15) «Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы

іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің) Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесі;

16) «Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы

іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің) Алматы қаласы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесі

17) «Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы

іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің) Шымкент қаласы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесі.

 

 

_______________________

Мобильді нұсқа RSS Сайт картасы